Агентство глазами экспертов. Поздравления в честь 10-летия Агентства

2 13БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА ТӘУЕЛСІЗ АККРЕДИТТЕУДІҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Ахат Нұртас Ахатұлы
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары, қазақ педагогикалық колледжі директоры, филология ғ.к

Білім беру мемлекеттің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Сапалы білім қоғамның және мемлекеттің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның халықаралық білім беру жүйесіне интеграциялануы – жаһанданудың объективті процесстерінің салдары. Сонымен қатар, басты факторлардың бірі – адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі. Бұл, өз кезегінде, білім беру жүйесінің елдің ішкі қажеттіліктеріне ғана емес, қазіргі заманғы әлемдік білім деңгейіне де сәйкес келетіндігімен анықталады. Тәуелсіз еліміздің алдында тұрған негізгі факторлардың бірі – отандық білім беруді бәсекеге қабілетті ортада дамыту, кәсіптік және техникалық, сондай-ақ жоғары білім беретін жеке ұйымдардың толыққанды секторын құру.
Осыған орай, 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚР Үкіметінде 2011 жылы тәуелсіз аккредиттеуді енгізу туралы шешім шығарылған болатын.
Қазақстанда аккредиттеуді енгізу халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттеу органдарының шетелдік тәжірибені қарастыруы және енгізуі ғана емес, ұлттық білім берудің, қоғамның, мемлекеттік органдардың, ата-аналардың, студенттердің жоғары оқу орындарының және колледждердің білім беру қызметіне деген сенімінің көрсеткіші болып табылады.
Аккредиттеудің айрықша ерекшелігі – бағалауды академиялық қоғамдастықтың сарапшылары, соның ішінде жұмыс берушілер мен студенттердің жүзеге асыратындығында. Тәуелсіз сарапшылар білім беру ұйымының сапа стандарттарына сәйкес келу дәрежесін анықтайды және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар білдіреді.
Елімізде оқу орындарын аккредиттеу процедурасы ҚР Білім және ғылым министрлігі қабылдаған және Аккредиттеу органдарының ұлттық реестріне енген Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігі (БСҚА – НАОКО) сияқты өзге де отандық және шетелдік аккредиттеу агенттіктері тарапынан жүзеге асырылады.
Бұл ұйымдардың басты міндеті – колледждерге білім сапасын жақсартуға, ұлттық мүдделерді есепке ала отырып, халықаралық тәжірибені қолдануға, оны ішкі сапа менеджменті жүйесіне енгізуге көмектесу. Аккредиттелген оқу орны бiлiм беру қызметi мен мемлекеттiң оқу қызметiне тұтынушылардың сенiмiн қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, студентке орталықтандырылған білім жүйесін жақсарту мақсатында республиканың біршама техникалық және кәсіптік оқу орындары жоғарыда аталған аккредиттеу агенттігінің (БСҚА) қызметіне сенім білдіре отырып, аккредиттеу рәсімінен өтті.
Мәселен, Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Астана қаласындағы Білім беру сапасын қамсыздандыру тәуелсіз агенттігі арқылы институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтуі нәтижесінде бүгінде кәсіби білім жүйесінде бәсекеге қабілетті педагогикалық оқу орындарының бірі болып отыр.
Сәтті аккредиттеудің құндылығы мен маңыздылығы аккредиттеу агенттігінің білім беру мекемесіне берілген сапа белгісінің жоғары деңгейі мен беделінің дәлелі болып табылады. Сонымен қатар, аккредиттеу академиялық тұтастығын қамтамасыз етудің, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жүйелі кемшіліктердің алдын алудың ең тиімді құралы болып табылады.
Аккредиттеу процедурасы негізгі үш кезеңде жүзеге асырылады: алғашқы кезеңде аккредиттеу агенттігінің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік комитетімен тіркелген сапа стандарттарымен танысқан соң, аккредиттеуден өтуге ниетті оқу орны Аккредиттеу агенттігіне өтініш жолдайды.
Аккредиттеудің келесі кезеңінде стандарттарға негізделген келісімшарт бойынша оқу орны өзін-өзі бағалау туралы есеп дайындайды. Бұл оқу орнының миссиясын, басқару құрылымын, оқытуда қандай технологияларды пайдаланатындығын, білім алушылардың қалай білім алатындығын, материалдық-техникалық базасы, студенттер, жұмыс берушілердің оқу процесіне қалай ат салысатындығын және түлектер туралы пікірлерін көрсетеді. Өзін-өзі бағалау есебі оқу мекемесі қызметінің барлық аспектілерін қамтиды.
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі ұжымының институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу стандарттарының талаптарына сәйкес арнайы өзін-өзі бағалау туралы есебін әзірлеуі барысында (1 жыл көлемінде) студентке орталықтандырылған білімнің, қызмет көрсетулердің сапасын арттыру мақсатында «Оқытушы студент көзімен» және тұрмыстық қызмет жағдайы туралы студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде білім алушылардың оқу-тәрбие процесінің жүйесіне қанағаттану деңгейі анықталып, орын алған кемшіліктерді жою немесе жұмыс сапасын жетілдіру шаралары жүзеге асырылды.
Есепті дайындау үшін оқу орны арнайы команданы, яғни жұмыс тобын қалыптастырады, ал агенттік қызметкерлері арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, есептерді жазуға арналған нұсқаулықтар ұсынады. Өзін-өзі бағалау туралы есеп агенттікке жіберілгеннен кейін арнайы сарапшылар тобы есеп мазмұнымен алдын-ала танысады.
Ал, үшінші кезеңде арнайы құрылған сарапшылар тобы оқу орнының өзін-өзі бағалау есебінде көрсетілген мәліметтердің сәйкестігін анықтайды. Сарапшылар тобы есепте атап көрсетілген жетістіктер мен мәліметтердің, фактілердің шынайылығына оқу орнының басшылығымен, құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілерімен, білім алушылармен, түлектермен, әлеуметтік серіктестіктер – жұмыс берушілермен сұхбат өткізу нәтижесінде көз жеткізеді.
Оқу орнын аккредиттеуден өткізу арқылы сертификатқа ие болу нәтижесінде біз, яғни колледж ұжымы, студентке бағытталған білім жүйесінің әлемдік стандартқа сәйкестігіне аса мән беріп, білім сапасын арттыруға көңіл бөлдік. Осылайша, ата-ана мен студенттің оқу орнының сапалы қызмет көрсетуіне сенімін арттыруға тәуелсіз аккредиттеудің маңызы зор екендігіне көз жеткіздік.
Тәуелсіз аккредиттеу нәтижесінде бүгінгі таңда білім беру қызметтерінің нарығы қалыптасып, бәсекеге қабілеттілік арта түсті, білім беру мекемелерінің еркіндігі мен сенімділігі күшейді. Оған дәлел – оқу орнының ағымдағы жылы БСҚА тарапынан өткізілген тәуелсіз рейтингісінің нәтижесі бойынша республикадағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында І-ші орынға ие болуы.
Қорыта келгенде, «тәуелсіз аккредиттеу арқылы халықаралық деңгейдегі үздік тәжірибелерді үйрену және оқу-тәрбие процесіне енгізу – оқу орнының білім сапасының заман талабына сай болуына жол ашатындығының кепілі» деген тұжырымға келеміз.