ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020/2021 оқу жылының басында Қазақстанда 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның 11 – ұлттық, 1 - халықаралық, 1 – дербес білім беру ұйым, 29 – мемлекеттік, 17 – акционерлік, 55 – жеке меншік, 14 – азаматтық емес.

Соңғы жылдары, мемлекетпен, мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында, жоо санын азайту және жоғары оқу орындарына лицензия берілуіне қойылатын біліктілік талаптарын күшейту бағыты қабылданды. Сонымен қатар, 2010 жылы заң жүзінде жоғары оқу орындарының филиалдарының қызметіне тыйым салынды. Нәтижесінде, жоо саны өзара бірігу, консолидация және ТжКБ ұйымына түрленуі арқылы қысқарды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінде әртүрлі жоғары оқу орындары жұмыс істейді: ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт (тек бакалавриат бағдарламаларын жүзеге асырады) және оларға теңестірілгендер (консерватория, жоғары мектеп).

2020/2021 ж. басындағы жалпы студенттер саны 618 090 адамды құрады, оның ішінде бакалавриатта - 576 557 адам, магистратурада - 34 619 адам, докторантурада - 6 914 адам. Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны 36 607 адам құрайды (www.stat.gov.kz). Білім беру қызметінің экспортының дамуы арқасында мемлекеттегі жоғары оқу орындардағы шетелдік студенттердің үлесі 6,7% дейін көтерілді.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі көп деңгейлі және үздіксіздігімен сипатталады және келесі білім деңгейлерін қамтиды:

  • 0. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту - 1/6 жастан бастап.
  • 1. Бастауыш білім (4 жыл); қабылдау - 6/7 жастан бастап.
  • 2. Негізгі орта білім; қабылдау - 10/11 жастан бастап.
  • 3. Орта білім; қабылдау - 15/16 жастан бастап:
  • - жалпы орта білім;
  • - техникалық және кәсіптік білім: жұмысшы және орта деңгейлі маманның біліктілігі, қабылдау - 15/16 жастан бастап.
  • 4. Орта білімнен кейінгі білім: жоғары деңгейлі жұмысшының біліктілігі; қабылдау - 17/18 жастан бастап.
  • 5. Толық емес жоғары білім - қолданбалы бакалавриат; қабылдау- 17/18 жастан басап.
  • 6. Жоғары білім: бакалавр біліктілігі, медициналық мамандықтар бойынша маман; қабылдау - 17/18 жастан бастап.
  • 7-8. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім: магистратура және PhD докторы біліктілігі.

Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы «Білім туралы» Заңмен (27.07.2007) реттеледі. 2010 жылы Болон декларациясына қол қоюмен Қазақстанда «бакалавр-магистр-доктор PHD» жоғары деңгейлі білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл құрылым өзінің заңды растамасын «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тапты:

1) Жоғары базалық білім - бакалавриат бағдарламасы - оқу мерзімі 4 жыл;

2) Жоғары оқу орнынан кейінгі білім, оның ішінде оқытудың ғылыми-педагогикалық бағыты - магистратура - мамандандырылған магистратурада оқу ұзақтығы - 1 жыл, ғылыми-педагогикалық - 2 жыл;

3) Философия докторларын (PhD), бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламасы – докторантура – магистратура бағдарламаларын аяқтағаннан кейін. Оқу ұзақтығы-кем дегенде 3 жыл немесе одан көп.

Болон декларациясына сәйкес сынақ бірліктері немесе кредиттер жүйесін енгізу білім беру бағдарламаларын тануды қамтамасыз етеді. Оқытудың кредиттік технологиясын енгізу ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде тануға, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру сапасын арттыруға және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің барлық деңгейлері мен сатыларының сабақтастығын қамтамасыз етуге елеулі үлес болып табылады. Демек, еліміздің барлық жоғары оқу орындары ECTS типі бойынша әзірленген кредиттерді қайта есептеудің қазақстандық моделін пайдаланады (ECTS туралы біздің парақшамызға сілтеме). ECTS (European Credit Transfer and Accumulation System / Еуропалық сынақ бірліктерін аудару жүйесі) - білім беру бағдарламасын немесе жеке курсты меңгеру кезінде студенттің оқу жүктемесін өлшеудің әмбебап жүйесі.

Жоғары оқу орындарына (бұдан әрі - ЖОО) қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығымен бекітілген Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелер негізінде жүзеге асырылады. Орта білімі бар талапкерлерді қабылдау Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Өткен жылдардың түлектері, бастауыш немесе орта кәсіптік білімі бар талапкерлер, шетелде оқитын орта мектеп түлектері, сондай-ақ Қазақстандағы жоғары оқу орнына түсу үшін кейбір басқа санаттар кешенді тестілеуден (КT) өтеді.

Қазіргі таңда жоғары оқу орнында ақылы түрде оқу үшін мектеп түлектері тестілеуді қосымша үш рет: қаңтарда, наурызда және тамызда тапсыра алады. Бұл өзгерістер тестілеу түріндегі сынақты тапсыру шартын жақсарту, мектеп түлектерінің эмоциялық шиеленісін жеңілдету мақсатында енгізілген.

2010 жылдың наурызында Қазақстан ресми түрде Болон декларациясына қосылып, Еуропалық білім беру кеңістігінің 47-ші мүшесі және Еуропалық білім беру кеңістігінің толық мүшесі болып танылған бірінші Орта Азия мемлекеті болды.

Болон декларациясына қол қойылуына байланысты, ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес, 2011 ж. басында Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында, студенттер мен оқытушылар мобильділігін, білім сапасын жақсарту мақсатында, ECTS (European Credit Transfer and Accumulation System) негізделген оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді.

Бір қазақстандық академиялық кредиттің еңбек сыйымдылығы (30 академиялық сағат) 1 ECTS кредитіне сәйкес келеді (25-30 академиялық сағат). ECTS жүйесі бойынша кредиттерді қайта есептеу коэффициенттері білім деңгейіне және оқу түріне (теориялық, зертханалық, студиялық және т.б.) байланысты өзгереді. Профессор-оқытушылар құрамының жүктемесін жоспарлау академиялық сағаттармен және кредиттермен жүргізіледі.

 

COVID-19 пандемиясы оқу процесіне айтарлықтай түзетулер енгізді. Еліміздің барлық жоғары оқу орындары жаңа болмысқа бейімделу үшін оқытудың онлайн форматына көшуге мәжбүр болды. Пандемия жоғары білім беру саласына жаһандық ауқымда неғұрлым үлкен ықпал көрсеткенімен, ол өз процестерін қашықтан форматқа көшіруге дайындалған Қазақстандағы аздаған салалардың бірі болғанын атап өткен жөн.

2020 жылдың 16 наурызынан бастап еліміздің 116 ЖОО қашықтықтан оқытуға көшті. Студенттердің басым көпшілігі үйде оқыды, алайда 5 мың қазақстандық студент және 4 мың шетелдік студент оқу орны бойынша жатақханаларда қалды, өйткені жатақханаларда қашықтықтан оқыту үшін жағдайлар жасалған болатын.

Еліміздің жоғары оқу орындары оқу процесіне қашықтықтан оқыту технологияларын енгізуде белгілі бір тәжірибеге ие, өйткені кейбір жоғары оқу орындары оқытудың аралас нысанын, ал басқалары – қашықтықтан оқыту форматын пайдаланған болатын. Жоғары оқу орындары ZOOM, Platonus, Moodle, Microsoft Teams, Webex Cisco және басқалары сияқты арнайы платформаларды пайдаланады. Бірқатар университеттерде өздігінен дамыған платформалар қолданылады. Пандемияның қиын жағдайында университеттер өз қызметкерлері мен оқытушылар құрамына оқыту курстарын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Барлық жоғары оқу орындары мен колледждерде студенттер мен оқытушыларға техникалық қолдау көрсететін Help Desk-жүйесі жұмыс істейді. Өзекті ақпарат алу және білім беру процесін жақсарту үшін студенттерге, оқытушылар құрамына және қызметкерлерге қанағаттану бойынша тұрақты түрде сауалнама жүргізіледі.